Қашықтықтан білім беру технологиясының ақпараттық-коммуникациялық моделі


  • 2020-04-21
  • Корсетілу саны: 403

Қашықтықтан білім беру технологиясының ақпараттық-коммуникациялық моделі

Жантелі Х.А. – қашықтықтан білім беру орталығының администраторы,
Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті, Шымкент қ.

Қазіргі таңда әлемдегі ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты білім нарығы мен оқу процесін іске асыратын білім беру саласы да үлкен өзгерістерге ұшырауда. Ғылым мен техниканың жылдам дамуы және ХХІ ғасырдағы ақпараттық төңкеріс білім жүйесіне жаңа көзқараспен қарауды талап етуде және заманауи техника мен технологиялардың білім саласына екпінді енуі оқу процесінде қашықтықтан білім беруді ұйымдастыруға жаңа талаптар мен міндеттер қоюда. Осы себептен, Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Сонымен қатар, 2004 жылы Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі стандарттау, метрология және сертификаттау комитеті «Қашықтықтан білім берудің техникалық және программалық құралдары мемлекеттік стандартын» даярлап, бекітті (ҚР МС 34.016-2004). 2018 жылғы 4 шiлдедегi №171-VІ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес ҚР Білім туралы Заңының 5-бабының 14-3 тармақшасы «... экстернат және сырттай оқу нысандарында оқытуға жол берілмейтін жоғары білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының тізбесін бекітеді» деп өзгертілді. Сонымен қатар, 2018 жылдың 29 қазанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамыту: тәжірибе және перспективалар» атты конференцияның қорытындысы бойынша ҚР БҒМ жоғары оқу орындарына жіберген ұсыныстардың 29 бабында «...әрбір жоғары оқу орны қашықтықтан білім беру бойынша ақпараттық жүйелерін даярлап, ұсынсын» деп атап көрсетілген. Оның үстіне, қазіргі кездегі әлемдік пандемияға байланысты карантин жағдайы да жоғары оқу орындарында оқу процесін қашықтықтан білім беру технологиясын қолданып ұйымдастыру өте маңызды мәселе екендігін айқындайды.

Ақпараттық-телекоммуникалық технологиялардың қарқынды дамуы ақпаратты түрлі форматта (графика, дыбыс, анимация, видео) жылдам беруде, таратуда үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр. Осыдан келіп, негізі ХVІІІ ғасырда қалыптасқан қашықтықтан білім беру технологиясын (ҚБТ) оқу процесінде қолдану аясы кеңуде. Сондықтан, еліміздің білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне табысты кірігуі, білім беру нарығында жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік беретіндіктен, еліміздің көптеген білім беру ұйымдары қашықтықтан білім беру мәселесін зерделеп, құрылымын жетілдіруде, ұйымдастырушылық жұмыстарын жасауда. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары оқу процесінде, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда заманауи ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялық жүйелер негізінде қашықтықтан білім берудің элементтерін енгізуге тырысуда. Алайда, білім беру жүйесінде АйТи (IT) саласы мен ҚБТ бойыншамамандардың жетіспеушілігі себебінен бұл мәселе әлі де болса толық шешімін таба алмауда. Бұл бағытта еліміздің бірқатар ЖОО жалпыға қолжетімді шетелдік өнімдерді де қолданып көруде. Шын мәнінде бұл өнімдер компьютерлік, телекоммуникациялық және интернет-технологияларға негізделген оқытудың автоматтандырылған басқару жүйесі ғана болып табылады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай өнімдер еліміздің жоғары оқу орындарының сұраныстарын толық қанағаттандыра алмауда.

ҚР БҒМ 2015 жылғы 20 наурыздағы №137 бұйрығымен бекітілген «Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын» талаптарына сәйкес жоғары оқу орындары қашықтықтан білім беру технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдарында: білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпараты бар парақтарымен білім беру порталының, телекоммуникациялық желіге шығу мүмкіндігі бар мен жабдықтардың (Интернет, спутниктік теледидар), мультимедиалық сыныптар мен электрондық оқу залдарының, электронды оқу контенттері қорының, қашықтықтан тестілеу кешенінің, оқытуды басқарудың желілік жүйесінің (Learning Management System - LMS) болуы талап етіледі. Сонымен қатар, ҚР БҒМ 2015 жылғы 20 наурыздағы №137 бұйрығымен бекітілген "Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларында" қашықтықтан білім беру технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыруда ақпараттық-коммуникациялық жүйе оқытушылар, тьюторлар және білім алушылар арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін келесі қызметтерді жүзеге асыра алуы тиіс деп көрсетілен: «on-line» - нақты белгіленген уақытта тікелей ақпарат алмасуды, «off-line» - уақыт кеңістігіндегі еркін ақпарат алмасуды, «on-line», «off-line» режимінде білім алушылардың оқудағы жетістіктерін бақылауды, дидактикалық құралдар, оқу контенттері, мен пәндердің электрондық оқу-әдістемелік кешендеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуді, аутентификация жүйесі арқылы білім алушылардың тұлғасын сәйкестендіруді, оқу жетістіктерін бағалауда онлайн-прокторинг жүргізуді. Бұл аталған талаптарды қанағаттандыру, тиісті іс-шараларды атқару қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта қашықтықтан білім беруді жүзеге асырудың негізгі үш технологиясы бар: кейс-технология, ТВ-технология және желілік технология.

Кейс-технология - қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдіс­теме­лік материалдар жиынтығына (кейс) және оларды өз бетінше зерделеу үшін білім алушыларға жеткізуге негізделген технология. Пайда болғанына жүз жылдан аса уақыт өткен бұл технология қазіргі кезде кейбір оқу орындарының сырттай оқу нысанында қолданылады.

ТВ-технология - білім алушыға оқу-әдістемелік материалдарды телевизияның эфирлік, кабелдік және спутниктік жүйелерінің көмегімен жеткізіп беретін, әрі тьюторлардың үздіксіз кеңес беруі арқылы оқытатын қашықтықтан білім беру технологиясының түрі.

Желілік технология - оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интербелсенді қарым-қатынасын үйлестіруді Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесін әкімшілендіруді қамтитын технология.

Қазіргі уақытта Интернеттің техникалық тұрғыда даму деңгейінің кез-келген оқу моделін арзан әрі ыңғайлы түрде бейнелеуге мүмкіндік беруі, оған қосылудың қолжетімділігі, арзандығы, «жылдам Интернеттің» пайда болуы оқу процесінде қашықтықтан білім беруді ұйымдастыруда Интернет желісі негізіндегі технологияларды пайдалану тиімділігін арттыруда.

Шетелдік ғалымдардың зерттеу жұмыстарында Интернет желісі негізіндегі технологиялар синхронды, асинхронды және аралас болып бөлінген.

Синхронды жүйелер бойынша білім беру процесі барысында тьютор мен білім алушы белгіленген уақыт мерзімінде (on-line) ақпарат, пікір алмасып, тьютор тарапынан кеңестер беріледі. Синхронды жүйелердің бірнеше түрі бар:

IRC технологиясы. IRC (Interactive Relay Chat – интерактивті сөйлесу) технологиясы – бұл нақты уақыт мерзімінде жүздеген пайдаланушыға қысқа мәтіндік хабарламалар жіберуді және оқуды қамтамасыз ететін программалық өнім.

MOO технологиясы. MOO (Multi-user Object Oriented – көптеген пайдаланушылар нысанына бағытталған) технология – байланысты Интернет арқылы қамтамасыз ететін программалық орта.

MUD технологиясы. MUD (Multi User Domain – көптеген пайдаланушыларға арналған домен) технологиясының көмегімен жеке кездесумен қатар, топтап кездесуді ұйымдастыруға болады. MUD технологияны пайдалану өте көлемді, әрі бір-бірінен үлкен қашықтықта бөлшектеніп орналасқан қашықтан білім беру жүйелері үшін тиімді болып саналады.

Асинхронды жүйе бойынша білім беруде тьютор мен білім алушының оқу процесіне бір уақыт мерзімінде қатысуы міндетті емес. Білім алушы оқу жоспары мен мерзімін өзі таңдайды. Қашықтықтан білім берудің мұндай жүйелеріне қағаз басылымдар, дыбыстық, бейнелік кассеталар, диск, түрлі ақпарат тасымалдағыштар, электронды пошта,WWW және FTP хаттамалар кіреді. Асинхронды технология төрт түрге бөлінеді:

WWW технология. WWW (World Wide Web - «ғаламдық тор») негізінде httpжелілік хаттамалары мен НТML гипермәтін жазу тілі жатыр. СGI хаттамасын, Java Script Active X программалау тілдерін, мультимедиялық Macromedia, дыбыстық Real Audio, бейнелік Real Video технологияларын қолдану көмегімен жүзеге асырылатын WWW технологиясы қашықтан білім берудің ең тиімді құралы болып табылады. Бұл технология бойынша қашықтан білім беруді толық автоматтандыруға болады. Ол үшін Интернет желісіне байланысқан компьютер құрамында дыбыстық карта, акустикалық жүйе (колонка), микрофон, видеокамера(web camera) т.с.с. цифрлық құрылғылар болуы тиіс.

FTP технология. FTP (File Transfer Protocol – файлдар алмасу хаттамасы) технологиясы білім беру жүйелерінде көмекші қызмет атқарады. Қашықтан білім берудің аудио-видео- материалдары, графикалық кескіндер, программалық модульдер, құжаттар (әдетте PDF форматта), т.б. FTP серверде сақталады және оларды пайдалану үшін арнайы программалық жабдықтауды қажет етпейді. Оқу материалдары кез-келген Интернет браузердің көмегімен автоматты түрде ашылады. Алайда, бұл технологияның бір кемшілігі - қажетті файлды жүктеу барысында Интернет провайдер тарапынан үзіліс болса, файлды басынан қайта жүктеу қажет болады, яғни оқу материалдарына қолжетімділікті қамтамасыз ету шектеулі болып қалады.

Электронды пошта (E-mail). Электронды пошта Интернет желісінің ең танымал және маңызды қызмет көрсету сервистерінің бірі. Қазіргі таңда Интернетті пайдаланушы кез-келген пайдаланушының электронды адресі бар. Бұл поштаның көмегімен түрлі мәтіндік, графикалық, программалық, мультимедиялық файлдармен алмасуға мүмкіндік бар. Ең қарапайым қашықтан білім беру курстарын осы электронды поштаның көмегімен ұйымдастыруға болады. Яғни, білім алушы оқу материалдарын, тапсырмаларды, бақылау сұрақтарын пошта көмегімен алып, оларды орындап болған соң білім берушіге кері салып жіберуіне болады. Электронды поштаның дәстүрлі поштадан артықшылығы мұнда ақпарат алмасу өте жылдам жүреді. Дегенмен, қазіргі уақытта электронды пошта негізінде даярланған қашықтан білім беру курстары жоқтың қасы. Бірақ оқу процесінде электронды пошта маңызды көмекші құрал ретінде өте жиі қолданылады.

Тарату тізімдері. Тарату тізімдері (listserv) – бұл белгілі бір ұйым ішінде электронды хаттармен алмасуды қамтамасыз етеді. Ұйымның әрбір мүшесі тіркелген кез келген мүшеге электронды құжаттар жібере алады. Ол үшін ұйымның ішкі желісі (Интранет) үнемі жұмыс жасап тұруы қажет. Соңғы уақыттарда мұндай желі ретінде Интернет желісін пайдалану дамып келеді.

Аралас жүйелерде оқу процесі синхронды және асинхронды жүйелердің технологиялары бір-бірімен байланысқан формада ұйымдастырылады.

Сонымен, қашықтықтан білім берудің жоғарыда аталған заңнамалық, әдістемелік, технологиялық аспектілері негізінде, біз қашықтықтан білім беру технологиясын қолдануда жоғары оқу орындарының оқу процесінде шешілуі тиіс сұраныстарын мүмкіндігінше қанағаттандыра алатын ақпараттық-коммуникациялық модель даярладық (1-сурет). Осы модель негізінде, Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеметтік-инновациялық университетінің базасында интернетте программалау тілдерін, веб-технологияларды және SQL берілгендер қорын пайдалана отырып, қашықтықтан білім беру технологиясын оқу процесінде қолдануға арналған ISUDЕ 1.0 (Information System University for Distance Education) - ақпараттық-коммуникациялық жүйесі даярланды. Программалық өнім оңтүстік өңірдің бірнеше жоғары оқу орындарында сынақтан сәтті өтіп, жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда қашықтықтан білім беру технологиясын заманауи ақпараттық-телекоммуникациялық құралдарды пайдаланбай іске асыру мүмкін емес, оның үстіне қашықтықтан білім беру технологиясының қолдану аясының ұлғаюына байланысты ЖОО-нда ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді даярлау мәселесі өз маңыздылығын жоғалтпайды және бұл саланы ары қарай дамыту, жетілдіру жұмыстары белсенді түрде жалғаса беруі тиіс деп санаймыз.

1-сурет. Қашықтықтан білім беру технологиясының ақпараттық-коммуникациялық моделі.