Пандемия кезінде оқушыларға, студенттерге педагогтер мен ата-аналарға арналған ақпарат


  • 2020-03-16
  • Корсетілу саны: 981

Қазақстанның барлық білім беру мекемелерінде санитарлық-эпидемиологиялық және алдын алу шараларын күшейту бойынша шаралар қабылдануда. Жоғары оқу орындарының, колледждер мен мектептердің өкілдеріне білім беру ұйымдарының қызметіне және педагогтер мен оқушылардың пандемия кезіндегі өзара іс-қимылына қатысты тапсырмалар көрсетілген министрдің Бұйрығы жіберілді. Сондай-ақ, ведомства қашықтықтан оқыту технологияларын қолдану бойынша қадамдық нұсқаулықты ұсынды.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жұқтыру қаупін азайту бойынша қабылданған шешімдерді хабарлады.

Сонымен, 5 сәуірге дейін оқушылар мен тәрбиеленушілердің халықаралық спорттық, мәдени, туристік іс-шараларға шығуына тыйым салынады. Сондай-ақ, бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының IV кезеңін, ауыл мектептері үшін "Мың бала" Ұлттық зияткерлік олимпиадасын өткізу уақыты кейінге шегерілді.

Қазақстан азаматтарында коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайларының анықталуына байланысты мемлекеттік қосымша білім беру мекемелерінің жұмысы тоқтатылатын болады, ал педагогтер ақылы еңбек демалысын ала алады.

Айта кету керек, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов коронавирустың өршуі кезінде ата-аналарға балаларды әртүрлі даму орталықтарына апармауға кеңес берді.

«Бұл қызмет түрі лицензияланбаған, сондықтан, біз ата-аналарға балаларын онда жібермеуге кеңес береміз. Сондай-ақ, біз - балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын органбыз. Осы кезеңде ата-аналарға мұндай іс-шаралардан бас тартуын ұсынамыз», - деді Асхат Аймағамбетов.

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРҒА БАРМАҒАН БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ ОРНЫ САҚТАЛАДЫ

Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Балаларға ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша баруға болады. Дегенмен, министр ата-аналарға, мүмкіндік болса, балаларды үйде қалдыруға кеңес береді. Айта кету керек, жергілікті атқарушы органдар жағдайға байланысты балабақшалардың қызметін тоқтату жөнінде шешім қабылдай алады. Мектепке дейінгі ұйымдарда балалар болмаған жағдайда олардың орындарының сақталуы қамтамасыз етіледі.

МҰҒАЛІМДЕР ҚАШЫҚТЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Көктемгі демалыс 16 наурызда басталып, 2020 жылдың 5 сәуірінде аяқталады. Мектеп оқушылары жоспарланған 13 күннің орнына 21 күн демалады. Осы уақытта мектеп педагогтері қашықтықтан жұмыс істейтін болады. Біліктілікті арттыру курстары ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырылады. Сондай-ақ, жоспарланған курстарды онлайн-форматта өткізуге мүмкіндік беріледі.

«Бізде каникул кезінде мұғалімдер жұмысқа барады, әдістемелік жұмыстармен, дайындықпен және басқа да істермен айналысатынын білесіздер. Біз бұл жолы мұғалімдер демалыс кезінде үйде болып, бұл жұмысты қашықтықтан орындай алады деген шешім қабылдадық. Бұл уақыт аралығында әріптестерімізге жалақы төлейтінімізді баса айтқым келеді», - деді Асхат Аймағамбетов.

16 НАУРЫЗДАН БАСТАП СТУДЕНТТЕР ҚАШЫҚТЫҚТАН БІЛІМ АЛУҒА КӨШЕДІ

Оқу процесі тоқтатылмайды. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін мекемелерде (ТжКБ) және жоғары оқу орындарында сабақтар белгіленген оқу жүктемесіне, жұмыс оқу жоспарына, бағдарламаларға, сабақ кестесіне сәйкес қашықтықтан оқыту технологияларын қолдана отырып жүргізілетін болады.

Оқу процесін ұйымдастыру үшін педагогтер мен студенттерге электрондық платформаларға кіруге мүмкіндік беріледі. Құрал ретінде видео-сабақтар, дербес онлайн-жұмыс, электрондық журнал, онлайн-курстар, чат-сабақтар, веб-сабақтар, телеконференция, скайп, «Bilim media group» платформасы, google classroom, «MOODLE», «ZOOM», Whats App чаттар, opik.kz, телеграмм-арналар, электрондық пошта және т. б. қолданылады.

«Колледждер мен жоғары оқу орындарына келетін болсақ, олар 16-нан бастап қашықтықтан оқыту режиміне көшеді. Жоо-лардың 30 пайызы кешегі күннен бастап өтті. Мұнда да жүйелердің біраз түрі бар. Қашықтықтан оқыту үшін жүйелер толығымен дайын. Кейбір жоо-лар «Canvas», «Универ» және басқа да жүйелерді пайдаланады. Жалпы жоғары білім беру ұйымдары бойынша мәселе жоқ», - деді Асхат Аймағамбетов ОКҚ- да өткен баспасөз мәслихатында.

ЖАТАҚХАНАДАН ЕШКІМДІ ШЫҒАРМАЙДЫ

Білім алушылар жоо-ның немесе колледждің жатақханасында тұрып, оқуын қашықтықтан жалғастыра алады. Сондай-ақ, өңірлерден келген студенттер үйлеріне бара алады. Ең бастысы – себепсіз онлайн-сабақты қалдырмау. Егер шетелдік студенттер шығуға ниет білдірсе, онда олардың жүріп-тұру еркіндігін бұзуға болмайды. Оқу орындарының ректорлары мен директорларына тиісті тапсырма берілді.

Қашықтықтан оқыту форматы педагогтердің алатын еңбекақысының мөлшеріне әсер етпейді. Мемлекеттік стипендия Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес ай сайын төленетін болады.

«Жатақханаларға келетін болсақ, мұнда да біз түсіністікпен қарауымыз керек. Барлығының үйге баруға мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселелер билеттердің жеткіліктілігіне, қаржылық мүмкіндіктеріне және т.б. қатысты. Біз әріптестерімізден жылдамдатпауды өтіндік», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр атап өткендей, студенттер үйілерінде байланыссыз режим орнатылады: студенттер тек өз бөлмелерінде ғана болуға міндетті, іс-шаралар өткізілмеуі тиіс.