Университет тарихы


  • 2016-08-05
  • Корсетілу саны: 5043

АӘИУ тарихы ҚР Білім министрінің 3 тамыз 2001 жылғы №643 бұйрығы бойынша АА №0000174 сериялы лицензиясымен «Шымкент әлеуметтік- педагогикалық университеті» және ҚР Білім және ғылым министрі берген АБ сериялы №0062184 лицензиясымен «Академиялық-инновациялық университетінен» бастау алады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында: «Жоғары білім алу сапасы ең жоғарғы халықаралық талаптарға жауап бере алуы, еліміздің жоғары оқу орындары әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің рейтингісіне енуге талпынып, 2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйесі толық іске асырылуы керек. Ал, 2020 жылға қарай – ол елімізде енгізілген әзірлемелер, патенттер және дайын технологиялар ретінде өз нәтижелерін беруі керек» -деген еді. Осыған орай, білім беру саласындағы мемлекеттік саясат, жоғары оқу орындарының (ЖОО-ның) Болон үдерісі параметрлерін орындауы және Қазақстан ЖОО дипломдарының халықаралық дәрежеге қол жеткізуіне байланысты, жаңа мақсаттар мен міндеттер қойды. Осы саясатты қолдау мақсатында, ЖОО дамуының жаңа бағыттары бойынша, перспективалары мен нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, Республикамыздың Оңтүстік өңіріндегі жекеменшік ЖОО өздерінің материалды, интеллектуалды және қаржы ресурстарын біріктіруге шешім қабылдады. 2012 жылдың 13 тамызында берілген ҚР БҒМ АБ сериялы №0142761 лицензиясы негізінде Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мен Академиялық-инновациялық университеті «Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті» (АӘИУ) болып қайта құрылды.

АӘИУ-да бакалавриаттың 38 және магистратураның 19 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Қазіргі таңда университетте жалпы құрамы 612 профессор-оқытушыдан тұрады. Оның ішінде: 13 кафедрада 592 штаттық бірлік ұсынылған. Олардың ішінде 26 ғылым докторы, 218 ғылым кандидаты, 14 PhD, 7 ЖАК доценті мен профессоры, 56 мәдениет және өнер қайраткері, 217 аға оқытушы мен 48 магистр-оқытушы бар. АӘИУ ПОҚ «ЖОО үздік оқытушысы» атағын алу үшін ҚР БҒМ өткізетін конкурсқа белсене қатысады. «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грант иегерлерінің саны 2012 жылдың қорытындысы бойынша 2013 жылы – 3; 2013 жылдың қорытындысы бойынша 2014 жылы – 1; 2014 жылдың қорытындысы бойынша 2015 жылы – 1.

Университет оқытушылары Астана, Алматы, Шымкент қалалары жоғары оқу орындары біліктілікті арттыру және кәсіби даярлау орталықтарында, «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығында, «Болашақ» бағдарламасы негізінде және шетелдік тағылымдамалар барысында өздерінің кәсіби біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндіктері бар. Университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары білім беру қызметімен тығыз байланысты. Жыл сайын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға, оның ішінде республикалық конкурстарға, пәндік олимпиадаларға т.б. тартылатын студенттер саны өсіп келеді.

Университетте халықаралық қатынастарды кеңейту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіледі, көптеген отандық және шетелдік жетекші жоғарғы оқу орындарымен, әлем және ТМД білім беру мекемелерімен тікелей байланыс орнатылды. Еуропа мен Азиядағы 37 шетелдік, оның ішінде ТМД елдеріндегі ЖОО-лармен білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім-шарттар жасалды.

Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті іс-құжаттары Сапа менеджменті жүйесі бойынша халықаралық ISO 9001:2015 стандартына сәйкес жүргізіледі.