Жиын барысында Мемлекет басшысына Түркістан қаласын дамытудың жоспары мен перспективалары жөнінде мәлімделіп, облыс орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіруге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды.

– Елімізде жаңадан Түркістан облысының пайда болғаны баршаға мәлім. Бұл орынды шешім деп санаймын. Облыс орталығы енді Түркістан қаласына көшеді. Бұл – барлық жағынан да күрделі үдеріс, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістан қаласының тарихи әрі рухани мәні зор екеніне айрықша тоқталды.

– Бұл – түркі халықтарының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Маминнің Түркістан қаласының аумақтық даму тұжырымдамасы жөніндегі баяндамасы және Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың әкімшілік-аумақтық басқару органдарын жаңа облыс орталығына көшіру барысы жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Атап айтқанда, Қазақстан Президентіне инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сондай-ақ қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған шешімдер жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді.

Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке және облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырма жүктелді.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Бөлісу: