Бұқаралық ақпарат құралдарында Есеп комитетінің Білім және ғылым министрлігінде жүргізген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша мәліметтер жарияланды.

Жарияланған ақпаратта «қаржы тәртібін бұзушылыққа» жатқызылған 16 млрд. теңге сомасы аудиттің барлық объектілеріне қатысты (оның ішінде ҚР БҒМ, ведомствоға қарасты ұйымдар, жергілікті атқарушы билік). Бұл соманың 10 млрд. теңгесі 2015 жылға дейін «e-learning» жүйесін құру аясында сатып алынған жабдықтарға инвентаризацияның дер кезінде жүргізілмеуі себепті «бұзушылық» ретінде белгіленіп отыр. Аталған соманың қалғаны (6 млрд. тг.) жергілікті атқарушы билік қызметіне қатысты. Қазірде жабдықтарды инвентаризациядан өткізу жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр, оларды кіріс ретінде уақытында ресімдемеген облыстарда тиісті шаралар өткізілмек.

«Тиімсіз жұмсалды» деп табылған бюджет қаражатының (43 млрд теңге) БҒМ-ға тиесілі бөлігі – 37 млрд теңге. Оның 31 млрд теңгесі «e-learning» жүйесіне қатысты.

Бұл ретте «e-learning» электрондық оқыту жобасы бойынша жүргізілген жұмыс жалпы жақсы бағаланып отырғанын атап өткен абзал. 2015 жылға дейін 27 млрд теңгеге жабдық сатып алынған. Тағы 2 млрд теңге Ұлттық білім беру деректер базасы (ҰББДБ) мен Білім беруді басқару жүйесін (Білім беруді басқару жүйесі (Learning Management Systems – LMS) құруға жұмсалған. Қазіргі кезде ҰББДБ үнемі қолданылып, әрі қарай дамытылу үстінде. Бұл еліміздің білім беру жүйесі бойынша статистикалық есеп-қисап жүргізудегі бірден-бір құрал.

Қалған фактілер Білім және ғылым министрлігіне тек жанама түрде қатысты. 

Мысалы, 2016 жылы іске қосуға жоспарланған 8 мектептің тек 4-і ғана (жалпы құны 929 млн теңге) пайдалануға берілді. Осы орайда атап өтерлігі – білім беру нысандарын қаржыландыруға өтініштер аймақтардың әкімдіктерінен түседі, мемлекеттік тапсырыстар да жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіледі. Министрлік бағдарламалардың әкімшісі болғандықтан, тек қаражаттың уақытында бөлінуіне ғана жауапты.

Үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептерге қатысты мәселе де осыған ұқсас. 2015 жылдың 1 қазанына дейін  үш ауысымды және апаттық мектеп деп табылған 156 мектептің бәрі де жоспар бойынша, яғни 2017-2018 жылдар ішінде жабылады. Бұл мақсатқа қаражат толық көлемде бөлінген. Алайда, халықтың демографиялық өсімі жағдайына байланысты және мектептердің ескіріп, тозуына орай, жыл сайын бұл санаттардағы нысандар тізімі толыға түседі. Осылайша, 2016 жылдың қазан айында апаттық жағдайдағы тағы 23 мектеп пен үш ауысымда оқытатын 65 мектеп жаңадан анықталды.

2008 – 2015 жылдар аралығында БҒМ үшін әлемдік деңгейдегі колледждер мен аймақаралық кәсіптік орталықтар салу мәселелері айтарлықтай проблема болды. Осыған қатысты бірнеше тұлғаның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын көпшілік біледі. Аталған объектілердің әрі қарай жұмыс істеу бойынша шешім шығарылды – биылдан бастап олар жергілікті әлеуметтік мұқтаждықтарды қанағаттыру үшін  әкімдіктерге беріліп отыр. Бұл мәселе бойынша БҒМ ұстанымы белгілі: аталған жобаларды іске асыру көп қаражат шығынын талап ететіндіктен, олардың салынуына еш қажеттілік жоқ. 

Кадрлар қажеттіліктерін болжау жөнінде айтар болсақ, оларды жергілікті атқарушы органдармен, ірі компаниялармен және басқа да мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі қалыптастырады. БҒМ бұл қажеттіліктерді негізге ала отырып, мемлекеттік тапсырыс береді. Білім және ғылым министрлігінде кадр қажеттілігін қалыптастыру міндеті де құзіреті де жоқ.

Істердің құқық қорғау органдарына жіберілуі мәселесіне келер болсақ, бұл ҚР БҒМ лауазымды тұлғаларына қатысты айтылмаған. Ол ОҚО Сайрам ауданының құрылыс бөліміне – қаражаттың орындалмаған жұмыс үшін төлегендері үшін және Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар университетіне – студенттердің тамағын ұйымдастыру барысында конкурстық шара өткізбей, ұйыммен келісімшарт жасасқандарына қатысты жағдайлар.

Дерек көзі – ҚР БҒМ ресми сайты

 

Бөлісу: