Жуырда Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің қос бірдей студенті – Ақмарал Оразбай мен Ерсұлтан Жорабек Татарстанда (Ресей) белбеу күресінін жас өспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында 3 орынды иелеп қайтты.

Әрине, қыз баланың күрестен Әлем чемпионатында үшінші орынды иелеуі – өте үлкен жетістік.

Студентіміз – Оразбай  Ақмарал қарындасқа сөз берейік:

«Волейбол  мен  баскетболды да қатты жақсы көремін.Ал белбеу күресін таңдауыма алғашқы жаттықтырушым – Бердібек Әлімов ықпал етті.Ол кісіге алғысым шексіз.

Белбеу күресімен айналысқаныма екі жылға жуықтады.Жетістіктерім де баршылық. Ресейдегі жеңісіме дейін Жаңақорғанда жастар және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында бас жүлдеге қол жеткізіп,Әлем чемпионатына жолдама алған болатынмын.

70 келіден жоғары салмақта 8 үміткер шаршы алаңда бақ сынастық. Мысыр, Татарстан, Өзбекстан, Ресей,  Тәжікстан келген және өзіміздің қазақстандық спортшылармен белдестім. Барлығы да әбден шыныққан, үлкен дайындықпен келген қыздар еді.Ақырғы сәтке дейін бар өнерімді салып, жеңіске жетуді көздедім. Бұйырғаны 3  - орын. Халықаралық бәсекеге алғаш қатысуым болғандықтан бұл көрсеткіш мен үшін жаман емес.

Аталмыш бәсекеден елге келіп, пойыздан түскенімде мені аудан әкімінің,өзімнің түлеп ұшқан  № 93 Ғани  Мұратбаев мектебінің қызметкерлері мен  АӘИУ – дағы достарым үлкен қошеметпен күтіп алды. Құттықтап, бұдан да биік белестерді бағындыруымды тіледі. Сол кезде өзім арқалаған жауапкершілік жүгінің қаншалықты салмақты екенін түсіндім. Ол үшін барымды салуға дайынмын.

Енді келер жылы көктемде тағы бір сайыс өткелі жатыр. Қазіргі жаттықтырушым – Қуатбек Байқожаев ағамен қызу дайындық үстіндеміз. Алла нәсіп етсе, бас жүлдені қоржынға салу жоспарда бар» - дейді 17 жастағы балуан қыз.

Ақмаралдың алар асуы әлі алда деп ойлаймыз. Күрестен айналысқанына көп болмаса да Әлем чемпионатының жүлдесіне ілігуі, әрине, үлкен жетістік дер едік.

                                                                 Баспасөз қызметі



 

 
Бөлісу: