Қозыбақов Момбек Жамалбекұлы.  

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық Сократ белгісінің (наградасының) және Түркия елінің экс-президенті Демирельдің арнайы сыйлығының иегері- Қозыбақов Момбек Жамалбекұлы.

Қозыбақов Момбек Жамалбекұлы 1951 жылғы 27 ақпанда дүниеге келген. Қазақ химия-технологиялық институтына 1968 жылы оқуға түсіп, 1973 жылы «Химия өндірісін автоматтандыру және комплексті механикаландыру» мамандығы бойынша бітірген және «Автоматтандыру жөніндегі инженер-технолог» біліктілігі берілген.

Жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолын 1973 жылы Шардара ауданында қызмет істеуден бастаған, 1975 жылдың наурызына дейін осында инженер болып жұмыс істеген. 1975 жылдың 2 сәуірінен бастап ғылыми және ғылыми-педагогтік қызмет атқарып келеді.

1975-1977 жылдары – Қазақ химия технология институты машина жабдықтары кафедрасының кіші ғылыми қызметкері, С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті қолданбалы механика кафедрасының инженері болды.

1977-1980 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті-нің аспирантурасының күндізгі бөлімінде «05.02.18 – Механизмдер, машиналар және автоматты жүйелер теориясы» мамандығы бойынша білім алды. 1981-1984 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті-нің машиналар механикасы ғылыми-зерттеу лабораториясының аға инженері болып жұмыс істеді. 1984 жылғы 16 тамызынан 26 желтоқсанына дейін Шымкент педагогикалық институтының Жалпытехникалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы болды.

1984-1993 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтының еңбекке баулу пәндерінің аға оқытушысы болып қызмет істеді.

КСРО Халық ағарту жөніндегі мемлекеттік комитетінің 1989 жылдың 4 қарашасындағы №1328/д шешімімен жалпытехникалық пәндер кафедрасы бойын-ша доцент ғылыми атағы берілген (доцент аттестаты ДЦ №017268, Мәскеу).

1993-2000 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтының еңбек және өнер мамандықтары бойынша оқу-ғылыми кешенінің жетекшісі – проректоры, еңбек және өнер мамандықтары бойынша оқу-өндірістік кешенінің директоры, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің педагогтік мамандықтар бойынша проректоры, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Өндіріс және техникалық жабдықтар негіздері кафедрасының доценті, кәсіптік оқу теориясы және әдістемесі кафедрасы профессорының міндетін атқарушы болып қызмет атқарды.

1998 жылғы 22 сәуірде Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.05.01 Диссертациялық кеңесінде «13.00.01 – Жалпы педагогика» мамандығы бойынша «Болашақ еңбекке баулу мұғалімдерін кәсіби-әдістемелік дайындауды жетілдірудің дидактикалық проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

 Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиясының 1999 жылғы 12 ақпандағы шешімімен (№2 хаттама) педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілген (ҒД №0001198, Алматы).

ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2011 жылдың сәуіріндегі №2 хаттамасының шешімімен «Педагогика» мамандығының профессоры ғылыми атағы берілді.

1999-2001 жылдар аралығында «Әулие-Ата» университеті Шымкент филиалының директоры болды.

2001-2012 жылдар аралығындадың Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінің ректоры.

2012 жылдан Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің президенті.

Педагогика тарихының келелі мәселелері бойынша Республикалық және Халықаралық конференцияларда көптеген баяндамалар жасаған.

Бір монография, 20 оқу-әдістемелік құралы, 10 оқу-әдістемелік нұсқауы, 70 - тен астам ғылыми мақалалардың авторы, 6 патент иегері. Ғалымның жетекшілігімен 4-кандидаттық, 5 -магистрлік диссертациялар қорғалған.

Білім беру саласы бойынша ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мақсатында М.Ж.Қозыбақов шетелдерде болып, семинарларға, симпиозумдарға және конференцияларға қатысып отырады: Оңтүстік Корея, Сеул қаласы (2004ж.); Туркия республикасының Анкара қаласында (2007ж.,2008ж.); Болгария Республикасы, Варна қаласы (2007ж.); Оксфорд және Кембридж университеттерінде (Англия,2009 ж.); Ресей елі, Мәскеу қаласы, (2009ж.); Жапония елі, Токио қаласы (2010ж); Швейцария, Женева қаласы (2011ж.).

Білім саласына сіңірген көпжылдық еңбегі үшін 2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен «Қазақстан республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

2010 жылдың желтоқсан айында өзінің туған жеріне және еліне жасаған игі жақсы істері үшін аудандық маслихаттың шешімімен «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 
 
 
Бөлісу: