Досжан Райхан Абдуғалиқызы

филология ғылымдарының доцент, профессор

Досжан Райхан Абдуғалиқызы 1962 ж. 15 наурызда Алматы облысы (бұрынғы Талдықорған обл.) Кербұлақ ауданындағы Доланалы аулында туған. 8-сыныпты үздік бітіріп, 1977 ж. Жаркент қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. 1981 ж. аталмыш оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология факультетінің араб бөліміне оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнынан кейінгі ұстаздық еңбек жолын Қарағанды, кейін Алматы қалаларының мектептерінде араб тілі пәнінен сабақ беруден бастады. Үш жылдық еңбек өтеуін (отработка) өтегеннен кейін ҚазМУ-ге аспирантураға оқуға түседі. Аспирантурада оқып жүріп, қосымша №65 мектепте араб тілінен, кейінгі жылдары Алматы архитектуралық институтында орыс топтарына қазақ тілінен дәріс берді.

Аспирантураның соңғы курсында «Ж. Аймауытов прозасындағы лексика-синтаксистік қайталамалар» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Қорғаудан кейін ҚазМУ-дың қазақ филологиясы кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырылады.

ҚазМУ-де кафедрада қызмет етіп жүрген жылдары, халықаралық журналистика институтында шет тілдері (араб, парсы, түрік, жапон тілдері бойынша) кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.

1997 ж. Шымкент қаласына ауысуына байланысты Қазақ-араб университетінде (кейінен университет аты бірнеше рет өзгерді) араб тілі кафедрасының меңгерушісі, оқу-әдістемелік бөлім бастығы, кредиттік технология және қашықтықтан оқыту ісі жөніндегі проректор, ғылыми істер жөніндегі проректор, СМК бөлімінің меңгерушісі және ректор қызметтерін атқарып келді. 2009 ж. «ХІ-ХІІ ғасыр жазба ескерткіштер тілінің морфологиялық құрылымы («Һибат-ул-хақайиқ», «Құтадғу билиг», «Диуани луғат-ат-түрк» ескерткіштері негізінде)» атты докторлық диссертация қорғады. Кейіннен әл-Фараби атындағы ҚазМУ филология факультетінің диссертациялық Ғылыми Кеңесіне мүше етіп қабылданды. 2011 жылдан бастап Астана қаласындағы Тестілеу орталығына сарапшы ретінде қызметке шақырылып тұрады. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Алаш ғылыми-зерттеу орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері ретінде ғылыми жобаға қатысып, осы жоба негізінде екі томдық «Ескі қазақ әдеби тілінің түсіндерме сөздігі» (Астана, 2011ж.) және «ХІ-ХІІ ғ. жазба ескерткіштер тілінің морфологиялық құрылымы» (Астана, 2013ж.) атты монографиясы баспадан жарық көрді.

Сексенге жуық мақала, оқу құралдары мен монографиялардың авторы. Басты ғылыми басылымдары: «Көркем шығармадағы лексика-синтаксистік қайталамал (Ж. Аймауытов шығармалары бойынша)» (оқу құралы, 1997), «Практикалық араб тілі» (оқу құралы, 2002 ж.), «Араб тілінің диалектологиясы» (оқу құралы, серіктес автор, 2004 ж.), «Ескі түркі жазба ескерткіштері тіліндегі есімдер (ХІ-ХІІ ғ.ғ.)» (монография, 2007 ж.). Ғылыми мақалалары Мәскеу, Украина, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде жарық көрді. 2013-2014 оқу жылынан бастап Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетте ғылыми зерттеу жұмыстары және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметін атқарады.

Қазір Шымкент қаласында тұрады.

 

Бөлісу: