Боранбаев Сандыбай Режепұлы

филология ғылымдарының докторы, университет профессоры

      Боранбаев Сандыбай Режепұлы 1960 жылы 15 қазанда дүниеге келген. 1978 жылы орта мектепті бітіріп, 1979-1981жылдары Кеңес әскерінің қатарында қызмет еткен. 1981-1982 жылдар аралығында "Алмаатакултьбытстрой" құрылыс тресінде жұмысшы, 1982 жылы С. М. киров атындағы КазМУ филология факультетіне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1987 жылы бітіріп, араб, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы біліктілігін алған.

      1987-1989  жылдары Талдықорған қалалық комсомол комитетінде хатшы. 1989-1991жылдары  І. Жансүгіров ат. Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі пәнінің оқытушысы. 1991-1995 жылдары Қыздар педагогикалық университетінің аспиранты. 1995-2004 жылдары А. Ясауи ат. Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент бөлімі «Түркітаным»  кафедрасының аға оқытушысы.  1998-2002 жылдары Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы  Шымкент   филиалының оқу ісі жөніндегі проректоры. 2002-2010 жылдары Қазақ Еңбек және Әлеуметтік қатынастар академиясы  Оңтүстік аймақтық кеңес беру және студенттер қабылдау өкілдігінің директоры. 2003-2004 жылдары Халықаралық қазақ-араб университетінің  Оқу-әдістемелік басқарма бастығы. 2004-2012 жылдары М. Әуезов ат. Оңтүстік Қазақстан мем. уни-ті Қазақ тіл  білімі кафедрасының меңгерушісі. 2012 жылдың қазанынан А. Ясауи ат. Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының бас   ғылыми    қызметкері. 2014 жылдың 22 қыркүйегінен Аймақтық әлеуметтік - инновациялық университетінің құрылтайшылар Кеңесінің шешімімен ректор қызметіне тағайындалды. 

      2000 жылы ҚР ҰҒА А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты жанындағы Диссертациялық кеңесте "Ескі қыпшақ тіліндегі есімдерді салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеу" тақырыбында кандидаттық, 2008 жылы Қыр. Респуликасы ҰҒА Тіл білімі институты жанындағы Диссертациялық кеңесте «Ескі қыпшақ тілі мен қазақ тілінің  генетикалық сабақтастығы» тақырыбында 10.02.06. - Түркі тілдері мамандығы бойынша докторлық  диссертация қорғаған. 2004 жылы ҚР БжҒМ қарасты "Білім саласындағы бақылау комитетінің" шешімімен "Тіл білімі" мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілген.

      2011-2014 жж. ҚР БжҒМ Коммерциялық емес Түркі Академиясы (Астана) жариялаған  бюджеттік бағдарламасы бойынша: 055 «Фундаменталды және қолданбалы ғылыми зерттеулер»,  149 спецификасы «Басқа көрсетілетін қызметтер мен жұмыстар»  №400 бағдарлама:  «Көне түркілердің іргелі және кескіндемелі қолданба өнерін түркі мәдени кешенінің қалыптасу аясында зерделеу»:  «Түркі тілдерінің тарихи дамуындағы ортатүркі жазба ескерткіштерінің орны мен мәні» тақырыбындағы ғылыми жоба орындап, нәтижесінде Кавказсырты, Украина жерінде 2011, 2012 жылдары ғылыми іс-сапар барысында жиналған материалдар негізінде 347 беттік (21,7 б.т.) монографиялық еңбек Түркі Академиясының баспасына ұсынған. 2014 жылдың сәуірінен  «Түркілердің тарихи-мәдени құндылықтары – қазіргі кезеңдегі қоғамның тұрақты даму ресурсы» бағдарламасы аясында орындалатын «Ортағасырлық қыпшақтардың Грузиямен, Армениямен және Әзірбайжанмен байланысы: тарихи-этнолингвистикалық зерттеу» тақырыбында ғылыми жоба орындауда. 2011, 2012 жылдары Армения Республикасында 2 рет, Оңтүстік және БатысУкраина жерінде ғылыми іс-сапармен болып, ортағасырлық қыпшақтар тарихына байланысты 17 500 беттік сот актілері  және басқа да материалдардардың фото көшірмелері Коммерциялық емес Түркі академиясының кітапханасына әкелінген.

      2009 ж.  «ЖОО үздік   оқытушысы». Бүгінгі күнге дейін 3 монография, 2 оқу құралы, 1 көмекші оқу  құралы және 100-ден аса ғылыми мақалалары жарық көрген. 3 ғылым кндидатын, 17 ғылым магистрін, 1 доктордың (PhD) ғылыми жұмысына жетекшілік жасап қорғатқан. 2012  жылғы Түркияның Мұғла, Бодрум қалаларында өткен Бүкіләлемдік түркологиялық симпозиумның делегаты. Білім мен ғылым жолындағы жетістіктері үшін ҚР БжҒ министірінің, бірнеше рет ректордың алғыс хаттарымен марапатталған.

 

 
Бөлісу: